Бейбіт СЕЙДУАЛИЕВА: «БІЗДІҢ ӘУЛЕТТЕ- ЕР АДАМНЫҢ СӨЗІ ӘРҚАШАН БІРІНШІ КЕЗЕКТЕ ТҰРАДЫ…» - 21 Января 2010 - Новые музыки 2009-2010
Понедельник, 20.02.2017, 16:21
Главная
Регистрация
Вход
New Muzics & Dj Ers@in 2010
Приветствую Вас Гость | RSS
Меню сайта
New muzics
Наш опрос
Оцените мой сайт
Всего ответов: 261
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0
Форма входа
Главная » 2010 » Январь » 21 » Бейбіт СЕЙДУАЛИЕВА: «БІЗДІҢ ӘУЛЕТТЕ- ЕР АДАМНЫҢ СӨЗІ ӘРҚАШАН БІРІНШІ КЕЗЕКТЕ ТҰРАДЫ…»
13:07
Бейбіт СЕЙДУАЛИЕВА: «БІЗДІҢ ӘУЛЕТТЕ- ЕР АДАМНЫҢ СӨЗІ ӘРҚАШАН БІРІНШІ КЕЗЕКТЕ ТҰРАДЫ…»

-Бейбіт, сіз үшін отбасымен бірге өнерді қатар алып жүрудің өзіндік жүгі де жеңіл емес екенін білеміз. «Өнер жолы ауыр жол» деген нақыл қыздарға арналып айтылған ғой.Сіз үшін де сахна мен отбасын бірдей игеру оңайға түсіп жатқан жоқ шығар?
-«Көпті көргеннен емес, көпті білгеннен сұра» - дейді ғой, қазақ халқы. Мен әуелі Аллаһ Тағалаға екіншіден, ата-анама көп рахмет айтқым келеді. Мені өмірдің қиыншылығына төзе білуге, жақсылықты, қуанышты, мақтағанды да көтере білуге яғни, атағым шыққанда да кеудемді көтеріп көкіректік танытып дандайсып кетпеуге тәрбелеген ата-анамның арқасы. Тіпті тұрмысқа шыққаннан кейін де анам: «күйеуіңді дұрыс қарсы алдың ба? Дұрыс шығарып салдың ба? Енеңе шайыңды бердің бе? Балаңа былай қарадың ба? Арасында сахналық костюміңді тіктіртіп қой, әніңді жаздырып қой, құрбы қыздарыңа да барып қайт, барлық адаммен араласа біл» -деп өмірдегі дәм-тұзы таусылғанша, күнделікті ақылын айтып, дұрыс істемеген жерімде ұрсып та беретін, күліп айтатын жерде күліп айтып, жылап айтатын жерде жылап айтып алып отыратын. Сондай отбасында тәрбиеленгеніме Аллаһқа мың шүкір деймін. Өмірде кездескен ауыр-жеңілді бірдей көтеру білу сондай-ақ, адамның өзіне де көп байланысты деп ойлаймын. Ең алғаш өнерге келген кезде, ешқандай алаңсыз, өнеріңді ғана халыққа көрсету мақсатында сахнаға шығасың. Жүрегіңнен шыққан әніңді халықтың жүрегіне жеткізе біліп, тыңдарманның жүрек төрінен орын алуға ұмтыласың. Ал енді тұрмысқа шығып, балалы болғаннан кейін, адамның өмірге деген көзқарасы көп өзгереді екен. Балаңа қарап, біршама есейесің дегендей… Қазіргі уақытта менің бір емес, екі балам бар деп айтсам болады. Үлкені - Тоқтар, ол да балам сияқты, екіншісі - Беколжасым. Мысалы, гастрольдік сапарда жүргенде, екеуінің жағдайын бірдей жасау: балам тамақ сұрап, өзіне көңіл бөл десе, үлкені де дәл сондай (жымиып), оған да тамақ дайындауым қажет, жағдайын жасауым керек. Артық кетпесе, бірінен - бірі кем түспейді. Оның арасында, өзіңнің де киіміңе, шашыңа, түріңе қарап үлгеруің қажет. Ал, еліміздің түкпір-түкпіріне тамақ істейтін, киім үтіктейтін, балаңа қарайтын адамыңды қашанғы апарып жүресің? Оған қаражат та көтере бермейді. «Әйелдің қырық жаны бар»- демекші бәріне шыдауың керек. Кейде жолды көтере алмай, не болмаса, әр жақтың ауа райы әр түрлі, бір суықтан бір ыстыққа ұшып - қонып жүргенде, суық тигізіп ауырып қалатын кездер де болады Бірақ, ешқандай мұңаймай, шаршадым демей, күліп-ойнап барлығын бірге алып жүруге тырысамын. Ал бірақ, менің ойымша, әйел адам қай салада жұмыс істесе де, оған оңай емес. Оның күнделікті отбасы, бала-шағасы, күйеуі ,ағайын туған-туысы, ата-енесі, абысын, қайындары бар дегендей, оның барлығының жағдайын жасап, көңілін табу, ауыр-жеңілін бірдей көтеріп жүру бұл барлық әйелдерге тән шаруа. Аллаһ Тағала бізді әйел қылып жаратқан соң, әйел адам ең басты көңілін өз отбасына бөлуі қажет деп білемін. Өнер мәңгілік емес, ол бүгін бар, ертең жоқ, уақытша дүние. Ал отбасың сенің бүгінің, ертеңің, болашағың…

-Бейбіт, қыз баланың оң босағада отырған уақыты өзіндік еркіндікке толы кез емес пе?! Сахнада жүріп, елдің еркесі болған Бейбітке алғашқы кезде келін болып түсу қиынға соққан жоқ па?
- Тоқтар екеуіміз үйленердің алдында бір-біріміздің туған-туыстарымыздың тойларына, қызықшылықтарына қол ұстасып бірге барып жүрдік. Бір-біріміздің шашбауымызды көтерісіп жүріп, бір-біріміздің отбасыларымыздың да қыр-сырын біртіндеп білісіп жүрдік. Дегенмен, тұрмыс құрғаннан кейін, бас кезінде бірсыпыра салт-дәстүрлеріне үйрене алмай, біртүрлі болып жүрдім. Әр жақтың дәстүрі әрқалай. Әсіресе, еліміздің әр аумағының сөйлеу диалектісінде өзіндік өзгешеліктер де бар. Мен Оңтүстіктің қызымын. Тоқтар Шығыстың жігіті. Тіпті күнделікті қолданылатын ыдыс-аяқтың атаулары да бұл жақта басқаша аталады екен. Мысалы біздің жақта тамақты «піскен» - десе, бұл жақта «пысқан» -деп айтады. Қанша дегенмен, қыз күнің бір басқа да, келін болып түскеннен кейінгі өмірің бір басқа екен. Бастапқы кезде, өз жағыңның салтына, дәстүріне бойың әбден сіңіп кеткеннен кейін, бұл жақтың салт-дәстүрін іштей біліп тұрғанмен, иілгім келмей , мойындамай тұратынмын. Бірақ, кейін дүниеге бала келіп, біраз уақыт өткеннен кейін, бәріне мойынұсынып, барлығын өзімнің салт-дәстүрім ретінде мойындап, қабылдай бастадым. Ал, мен ең алғаш келін болып түсіп, бұл шаңырақтың босағасын аттаған кезде, енем: «сен бұл үйдің келіні емес, сен осы үйдің қызысың, саған тіпті орамал да жаппаймын. Сені өз қызымдай көргім келеді» - деп айтты. Содан бері мен орамал таққан емеспін. Бірақ, «тақпа»-деп айтты екен деп, орамалды мүлдем тақпай қоймаймын. Кейде үй ішінде орамалды өзім үшін тағатын кездерім болады. Сол сияқты, ата-енемнің алдында, туған-туыстарымыздың алдында инабаттылық сақтап, ата- анамның атына сөз келтірмес үшін, барынша әдептен озбай, өзімнің келіндік міндетімді әркез адал атқаруға тырысамын. Аллаһқа шүкір, абысындарыммен татумын. «Абысын тату болса, ас көп» -деп қазақ бекер айтпаған ғой. «Көңіл сыйған жерге, барлығы сыяды». Біраз туысымыз ауылда тұрады. Ал, осы Алматыдағы біздің үйде бүгінде екі абысыным, қайным, қайнсіңлім барлығымыз бір шаңырақтың астында тату-тәтті сыйысып, өмір сүріп жатырмыз. Келіндірден -мен бұл жақтағы отбасының үлкені болып саналамын. Ата-енем өздері ауылда болған кезде: «Онда Тоқтар мен Бейбіт екеуі бар, біз ол жаққа кіріспейміз. Бейбіт солардың енесі»- деп айтқан болатын. Сол себепті болар, менен кейін түскен келіндердің бәріне қалай айтып, қалай сөйлесем де, олар маған ешқашан қарсы келген емес. Мен де артық кеткен емеспін. Бірақ, кейде, білмей жатқан дүниесін жаның ашып, жақсы болсын деп, жөнімен, орнымен айтатын кездерім болады. Ондай жағдайлар кез-келген отбасында болады. Інілерін Тоқтар өзі тәрбиелесе, абысындарыммен қайынсіңлілерімді өзім тәрбиелеймін. Осыларға бас-көз болып, тәрбиелеп отырған жайымыз бар. «Өнер» деп өлең айтып, жөнсіз-жосықсыз күнімен кешке дейін далада жүрген жоқпыз. Үйге келетін қонақтарымыз бар, өзіміздің ағайын-туыстарымыз, достарымыз бар, шыны керек кейде бір мезгіл артық уақыт та болмай қалатын кездер болады.
- «Ер адам бас болса, әйел - мойын» деп айтып жатады ғой. «Мойын қалай бұрылса, бас та солай бұрылады» деген де сөз бар. Бірақ,отбасында ер адамның да өзіндік сөзі, орны ерекшеленіп тұрғаны дұрыс қой. Жалпы, Тоқтар қандай отағасы?
-Негізінде, көп жағдайда сабыр сақтайтын әйел заты ғой. Отбасында әйел сабыр сақтай білсе, барлығы да дұрыс болып кетеді. Ер адам - ашуланшақ болады, көбіне өзін-өзі игере алмай қалады. Қазақта «еркектің алды тар, арты - кең» деген сөз бар ғой. Сол сияқты, ашуланып жатса да, қандай жағдай болмасын, сабыр сақтай білсең, отбасы боласың. Ал көтере алмай, ол ашуланса сен қоса ашуланып, ол айқайласа, сен де қалыспай айқайласаң, ертең ол мүлдем басқа нәрсе болып кетеді. Ал, біздің әулетте, ер адамның сөзі- әрқашан бірінші кезекте тұрады. Ер адам - ол басқару керек, ер адам керек кездері жұдырықпен столды қойып қалып дауыс көтеріп қоймаса, онсыз кез-келген үйде тәртіп сақталынбайды деп ойлаймын. Әрбір отбасының барлық жағдайын көтеріп, бір мезгіл айқайлайтын адам, тәртіпке, жөнге салатын басшысы, ораторы болады. Сол арқылы бүкіл әулеттегі адамдар көтеріледі. Ал біздің бүкіл әулетті алып жүрген, бәрін асырап, бәріне өзінің мейірімін төгіп, қолынан келген көмегін де беріп, қиналған кезінде қол ұшын беріп, той болса тойына шапқылап шашбауын көтеріп, бүкіл ағайынға бір кісідей қарап, жағдай жасап алып жүрген жан ол- біздің Тоқтар. Әрине, қазір ондай адам әр әулетте табыла бермейді, Аллаһқа шүкір! Аллаһ Тағала бұл мүмкіндікті өзіне де сын қылып берген ғой. «Бір адам таққа мінсе, қырық адам атқа мінеді» демекші, сол сияқты ол көтерілсе, біз де көтерілеміз, ол түссе, біз де түсеміз. Сондықтан да біз шамамыз келгенше, ағайындары, бауырлары болсын барлығымыз Тоқтардың тілеуін тілеп отырамыз.Соның ішінде әуелі жары болып мен қандай жағдайда болсын оны түсінісуге, сөзін растап, шамам келгенша ақылымды айтуға, соны көтермелеуге әрдайым тырысып отырамын. Көпті көрген кәрі емеспіз ғой, дегенмен, ел көрдік, жер көрдік, аз нәрсе де көрген жоқпыз. Талай қиналған сәттеріміз де болды, қыз бен жігіт болып өнерде қол ұстасып жүрген кездерімізде осы өнерде де қаншама қиыншылықтар көрген кездеріміз болды. Тоқтардың да шекесіне тас тиген кездері болды, менің де маңдайыма шоқ тиген күндер болды. Біраз нәрсені көрдік, біраз қиыншылықтан өттік, жоқты да, барды да көрдік. Сол көргендерімнен түйгенімнің бірі сол - ер адамның орны әулетте бірінші болу керек деп ойлаймын. Менің өзімнің де табиғатым сондай. Егер де ер азаматтың мінезі тым жұмсақ, ез болса, өзі жақсы болғанымен, бір мезгіл қатты да болмаса, мен өзім одан асып кететін сияқтымын. Ер адам ісіне адал, сөзіне адал, нанын таба алатын, отбасын асырай алатын, жақсы атқа мінетін, қай кезде болса да, қандай жағдай болса да, мейлі ол бүкіл елді қамтыған дағдарыс болсын, не басқа жағдай болсын, қала болсын, ауыл болсын, қай кезде де сені асырай алатын адам болса, онда ол нағыз еркек деп ойлаймын. Ал тек қана сөзбен сөйлеп, ақшаның күшіне сеніп жүрген еркектер де бар ғой. Ондайдың беті аулақ болсын. Біздің Тоқтар барлық жағынан жақсы, ата-енем де Аллаһқа шүкір жақсы кісілер. Балаларының барлығына да жақсы тәрбие берген.
-Ал, екеуіңіз де намазға жығылғаннан кейін, көп нәрсе оң жағына қарай өзгерген шығар?
- Аллаһқа шүкір, намазға жығылғалы бері Тоқтар мүлдем жақсы жағына қарай өзгерді. Сабыр сақтайтын болды, бұл өзіне жақсы. Көп нәрседен тиылды. Намазға жығылғаннан кейін, адамның жүрегіндегі иманы іштей ашылады, жүрегі, ішкі дүниесі имани болады, адам өзін іштей тәрбиелейді. Мен де намазға жығылғалы бері, көп нәрсені іштей өзім түсіндім. Мысалы, осы қарбаласта, «ой анау бітпей қалды, мынау бітпей қалды, бұлай жүрмесем, бұлай тұрмасам болмайды» деген сияқты бұл өмірдегі керек емес, түк пайдасы жоқ дүниенің артынан біз салпылақтап, бекерге көп жүйкемізді құртып, көңіл-күйімізді, уақытымызды босқа кетіреді екенбіз. Ал намазға жығылған адам жақсылыққа қарай мүлдем өзгереді екен. Ең әуелі Аллаһқа сыйынып жүресің. Екіншіден өзіңнің жаныңды, отбасың, бала-шағаң, ата-анаңды ойлап, барлығы үшін шүкірлік қылып, астамшылықтан бойыңды аулақ ұстайсың. Өмірде қанша қиыншылықтардың бәріне көне біліп, төзе біліп, намазға келгеніме қуанамын.Үйде «ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» демекші, отбасы болған соң, кейде анау-мынау нәрсеге тез ренжіп қалатын кездерің де болады ғой. Өйткені барлық адамда мінез бар Еркек адам еркектігін істейді, әйел өзінің айтқанын істемей қоймайды. Мұндай жағдайлар кез келгеннің үйінде болады. Сондай кездерде тығырықтан шығар жолды адам баласына намаз үйретеді, намаз тәрбиелейді. Аллаһқа шүкір, осы күні бір-біріміздің қас-қабағымызға қарап, сөйлемей-ақ, айтпай-ақ, бір-біріміздің ойымызды біліп отырамыз. Міне, осындай отбасымыз.
- Жаңа үйлеріңіз де салынып бітіп қалған сияқты. Қашан қоныстанғалы жатырсыздар?
-Аллаһқа шүкір, үйіміз салынып бітті. Алдағы уақытта, Аллаһ бұйырған күні оң аяғымызбен аттап, сол үйге көшіп, қоныстанамыз.
-Үйдегі қаржылық мәселелерге кім көбірек көңіл бөліп отырады?
-Үйдің ішкі шаруасына қаражат жұмсау ісінің барлығы менің мойнымда. Ал сыртқы шаруаларға керек қаражатын Тоқтар өзі жұмсайды. Ондайда маған есеп бермейді. Ауылға көмек керек болады, аздап мал шаруашылығы бар, «оны не үшін бересің?» деп оның барлығын ұстап отырмаймын ғой. Ондайдан аулақпын. Дүние деген қолдың кірі, бүгін бар, ертең жоқ. Сондықтан да мен ондайға қызықпаймын. Ал маған қанша қаражат керек, мен неге қолданам, мен кез- келген уақытта алатын ақшамды алып, сұрайтын ақшамды сұрай аламын. Біздің арамызда осы уақытқа дейін «ақшаны неге сен ұстайсың, неге мен ұстамаймын» деген сияқты әңгімелер болған емес, Аллаһ бетін аулақ қылсын. Ондайға Тоқтар жеткізбейді, оған менің көңілім тоқ, Аллаһқа шүкір! Менің ағайын-туысқандарыма, әкеме, жақындарыма қол ұшын беріп отырады. Енді әйелге одан артық не керек? Асылық жасап «құтырамын демесең» шыны керек, әр нәрсенің өзінің сұрауы да болуы керек қой. Жөнсіз ысырап жасауға да болмайды.
-Киім тіктіру, стилистермен бірлескен шығармашылықта болу, олармен жұмыс істеу жағы қалай жүзеге асуда?
-Мен өзіме-өзім кішігірім стилистпін. Мен басқа стилисттерге киімімнің сәнін сеніп тапсырып көрдім, бірақ көңілімнен шықпады. Ал, жалпы, мен өзім мұндай тірліктерді өзімнен басқа ешкімге сенбеймін. Ол қандай жағдай болсын, мейлі ол тамақ істеу жағынан болсын, ол пісіріп жатыр десе де, барып он рет тексеріп келемін. Қонақ күткенде де, дастархан жасағанда да, мейлі ол ән жаздырғанда да, концерт жағынан, сахна болсын, бәріне де өзім барып, өз көзіммен көріп, өзім тексеріп, бір қарап, қадағаламасам, мен жайбарақат жүре алмаймын. Мысалы үйге қонақ шақыратын болсақ, немесе қаланың сыртына отбасылық мерекелерде достарымызбен демалатын болсақ, дастарханға қойылатын бүкіл тағамдарды үйде, өз қолыммен дайындағанды ұнатамын. Осындайда Тоқтар: «көп әуреленбей, дүкеннен дайынын сатып ала салсаңшы» деп айтады. Алайда, мен барлығын да өзім істегенді қалаймын. Киімге де солай қараймын. Көйлектерімді арнайы тіктіретін тігіншім бар. Ол кісі тапсырылған дүниені ойымдағыдай етіп, керемет тігеді. Өзім ерекше фасондағы, елге ұқсамайтын, өзгеше киімдерді іздеп жүремін. «Адамның киіміне қарап, оның мінез-құлқын айтуға болады» дейді ғой. Сондықтан, киім тіктіруге үнемі үлкен көңіл бөлемін, тіпті матаны да барып, өзім бірге таңдасамын. Өйткені, ертеңгі күні оны киетін мен. Сондай-ақ, Тоқтарға да анау-мынау киімдер ұнай бермейді. Оның да өзінің ішкі талғамы бар. Екеуіміздің де киімдеріміздің әрдәйім дұрыс, сапалы болып тігілуіне негізінде өзім баса назар аударамын.
-Өнерде аяқтан шалушылар болды ма?
-Иә, болды, өнерде Тоқтарды аяқтан шалған кісілер болды. Өзінің өнердегі ағалары, өнердегі достары болып саналып келген кісілердің Тоқтардың жақсы атына кір келтіргісі келгендеріне мен өзім куәмын. Қазір мен есімдерін атап айта алмаймын, атағым да келмейді. Өйткені ол кісілер кейіннен өздері түсініп, Тоқтардан кешірім сұрады. Менің де өнерімнің жарқырап шығуына бөгет жасағысы келген кісілер болды. Мен оларға кек сақтамаймын, Аллаһ сақтасын! Ертең, Аллаһ Тағаланың алдына барғанда әркім өз іс-әрекетіне жауап береді.
-Бейбіт, «өнерде жүргеніме тоғыз жылдың көлемі болды»- деп айтып жатырсыз, алдағы уақытта, осы өнермен қатар мүлде басқа саладағы кәсіппен, бизнеспен айналысу не болмаса, осы өнер саласында басқару ісіне араласу ойыңызда бар ма?
- Жоғарыда айтып өттім ғой, өнер деген мәңгілік нәрсе емес. Қазіргі таңда, елімізге дағдарыс келіп, әншілердің барлығы абдырап шаршап қалды. Ертеңгі күні бізді не күтіп тұрғанын біз қайдан білеміз? Сондықтан, адам баласы барлық нәрсеге дайын болу керек. Жан-жағыңдағы ағайын-туыспен, жора-жолдастарыңмен сыйласа білу керек. Жатпай-тұрмай іздену қажет деп ойлаймын. Менің ойымда көптеген жоспарлар бар, оның барлығын жолдасыма да айтқанмын. Оның бәріне әзірге шамамыз келмей жатыр. Аллаһ қаласа, Тоқтар өзі маған мейлі ол дүкен болсын, мейлі шашатараз болсын ашып бергісі келетін ойы бар. Бірақ, өзім - тек қана халал дүниелерден тұратын, мұсылман әйелдерінің демалатын орталығын ашу ойымда бар. Мұның барлығы Аллаһтың бұйыртқан күні болар деп ойлаймын. Өз басым, бір жерде тыныш отыра алмайтын адаммын. Қазірдің өзінде үйде отырғанда, бос отырған жоқпын. Мен үйде құрақ көрпе құраймын, жастықтар тігемін. Мен мұны жұмыс жоқтықтан емес, өзімнің өзгеше бір ішкі талантымды ашқым келді. Асхана саласындағы өнерім, мүлде бөлек дүние. Күніне бір дәмді тамақ жасап ішпесек, өзіміздің көңіліміз орнына түспейді. Ал одан бөлек, кейінгі кезде тігін жағын қолға алдым. Қазақы әр түрлі оюмен құрақ құрау, жастықтардың түр-түрін: бөстек, қолтық жастық, жантайып жататын жастықтар, көпшіктердің барлығын үйде отырып тігу, мен үшін үлкен ермек болды. Қазір 6-7 құрақ көрпе тігіп тастадым. Көйлектің етектерін тігіп, оны мойыншақпен әсемдеп тігуге кішкентай күнімнен жақын болдым. Бірақ, өмірімде құрақ көрпе құрап, жастық тігемін деп ойламаппын. Аллаһ қаласа, жаңа отауымыздың бір бөлмесі ұлттық сарындағы қазақы бөлме болады. Үйге қонақтар келген кезде, сұрап жатса, «өзім қолымнан тіктім»- деп айтсам қандай, жақсы емес пе! Мұндай қолөнершілігімді көрген күйеуім де менің бұл өнерімді мақтан етіп отырады. Себебі, біздің әулеттің бір қызына не болмаса, келіндердің бойына мұндай тігін тігу деген сияқты өнер дарымапты. Ал енемнің қолынан әр түрлі малақайлар, бешпент тігу, құрақ құрау өте жақсы келеді. Ол кісі де менің іс тіге білген тірлігіме разы болып: «осы өнеріңе ризамын» - деп үнемі мақтанып отырады. Әрине, бұл - тігін тігіп, үйде отырып қалу емес. Әр адамның өзінің ішкі жан дүниесі қалайтын сүйікті ісі болады ғой. Сол сияқты, менің де бойымда соңғы кезде осындай өнер пайда болды.
- Кішкентай Беколжастың соңынан еліміздің демографиясына үлес қосу ойыңызда бар ма?
-Әрине, Аллаһ бұйыртса, ондай ой бар. Аллаһ Тағала «Ертең сендердің көп болғандарыңмен мақтанамын» - деп айтқан ғой. Көп балалы болған үйді өзім де ұнатамын. Баланың көп болғаны жақсы ғой. Әр баланың өз ырыс несібесі бар. Ертең қартайған кезде де, бізге қарайтын сол бала ғой. Әр отбасында ең болмағанда, бес бала болу керек деп ойлаймын. Қазіргі мынандай заманда денсаулығың көтеріп жатса, шамаң жеткенше, көп баланы дүниеге әкелгенге не жетсін!
-Өнер адамы қашанда халықтың назарында жүреді ғой. Осы ретте, сіз өз- өзіңізді күтуге қаншалықты көңіл бөліп, қалай күтінесіз?
-Адам бейнесін сырттай әдемілегенмен оның ішкі ағзасы дұрыс болу керек деп ойлаймын. Барлық іш- құрылысың таза болу керек, ол таза болу үшін, сен таза, жақсы құрамында азын-аулақ дәрумені бар, күш беретін, әл беретін, гемаглобинін көтеретін тамақ ішуің қажет! Одан кейін барып сыртқы әсемдікке көңіл бөлу керек. Неше түрлі скраб маскалар бар, соларды қолдану қажет, косметологқа бару керек. Менің өзімнің үнемі шашыма көңіл бөліп отыратын шаштаразым бар, шаштың өзінің бірнеше маскасы болады. Бірақ, ең жақсысын қолданып, үнемі күтініп жүруге тырысамын. Халықтың адамы болған соң, халықтың алдында дұрыс жүруге, дұрыс киініп шығуға, дұрыс сөйлеуге үлкен мән беремін.
Просмотров: 11178 | Добавил: Ersa | Теги: Бейбіт СЕЙДУАЛИЕВА: «БІЗДІҢ ӘУЛЕТТЕ | Рейтинг: 4.5/12
Всего комментариев: 1
1  
Бейбіт мен сіздің әндеріңізге ғашықпын, сахнадан алыстамағаныңыз. әніңізді шырқай беріңіз,

Имя *:
Email *:
Код *:
Поиск
Календарь
«  Январь 2010  »
ПнВтСрЧтПтСбВс
    123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031
Архив записей
Друзья сайта
  • Официальный блог
  • Сообщество uCoz
  • FAQ по системе
  • Инструкции для uCoz

  • | Copyright MyCorp © 2017 | Бесплатный хостинг uCoz |