Воскресенье, 19.11.2017, 20:34
Главная
Регистрация
Вход
New Muzics & Dj Ers@in 2010
Приветствую Вас Гость | RSS
Меню сайта
New muzics
Наш опрос
Оцените мой сайт
Всего ответов: 261
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0
Форма входа
Главная » 2010 » Январь » 4 » Бір рудың абыройы тасысын деп ақша астағанша, лажы болса бір қазақтың жыртығын жамауға тырысамын
08:37
Бір рудың абыройы тасысын деп ақша астағанша, лажы болса бір қазақтың жыртығын жамауға тырысамын
-Мейрамбек аға, алғашқы сауалды- топтарыңызға қатысты көңілімізге көп күдік ұялатып жүрген сұрақтан бастасақ… «МузАРТ» құрылғалы бері бұл топтың халық жүрегіне етене жақын болып кеткені соншалық, бүгінде ел «МузАРТты» көз алдына не Мейрамбексіз, не Сәкенсіз елестете алмайды. Алайда, ел арасында «Мейрамбек пен Сәкеннің арасында үлкен келіспеушіліктер бар екен…» деген гуілдеген әңгіме жүр. Сенейік десек, көңіліміз сенбейді, сенбейік десек, «Халық айтса, қалт айтпайды» деген сөз тағы бар. Осыған өз аузыңыздан нақты дәлелді жауап естісек… «МузАРТтан» тағы біреудің кетіп қалуы мүмкін бе?
- Сұрағыңыз орынды. Бізге жанашыр халық қай уақытта біздің әрбір қадамымызға жіті көз салып бақылап, бізде қандай жаңалықтар мен өзгерістер болып жатқанынан үнемі хабардар болып отырғысы келеді ғой. Енді сіздің сұрағыңызға дәлірек жауап берер болсам, осы біздің «МузАРТ» -«МузАРТ» болып құрылғалы бері мінекей, сегіз жылдан астам уақыт болып қалыпты. Осы жылдар ішінде біздің үш әншіден тұратын, яғни құрамында Мейрамбек, Сәкен, Кенжебек қана жұмыс істейтін тобымыз енді - вокалды инструменталды ансамбль болып, құрамымыз толығып, шығармашылық деңгейіміз көтерілді. Мұның барлығы нені көрсетеді? Мұның барлығы да осы істің басында жүрген біздің топтың зор ізденісін, өз ісімізге талабымыздың күштілігін, болашаққа артқан сеніміміздің нық екендігін танытпай ма?! Ал енді, біздің Сәкен екеуіміздің арамызда келіспеушілік бар ма?-дейсіз. Біздің ансамбльдің алға дамуына, біздің жақсы әндер жазып, бейнесаз түсірілімдері кезінде, осы еңбектеріміздің игі нәтижелі шығуы үшін кей жерлерде Сәкен екеуіміз шығармашылық келіспеушіліктерге келіп қалуымыз мүмкін. Ол қалай? Тобымызбен орындау үшін таңдауға түскен әннің -маған ұнап, Сәкенге не Кенжебекке ұнамауы мүмкін. Немесе, Сәкен екеуімізге ұнаған әннің Кенжебекке ұнамауы мүмкін. Немесе, оларға ұнаған дүниенің маған ұнамай қалуы мүмкін. Ол мейлі, бейнесаз түсірілімдері болсын, немесе ансамбліміздің кез-келген шығармашылық еңбегі, ол жұмыстардың басты жауапкершілігі- бізге ортақ болған соң, қай-қайсымыз болмайық сол бастаған ісіміздің халыққа ұнайтын татымды дүние болып шығуы үшін, үлкен жауапкершілікпен -алға, жақсылыққа ұмтылуға ғана әрекет етеміз. Аллаһ сақтасын, өзімізді-өзіміз артқа қарай кері сүйрейтін арамызда ешкім жоқ. Ал енді, бір жылдары топтан Мақсат Базарбаев досымыз кетті. Бұл да болса Аллаһтың бұйыртқан нәсібі шығар. Мақсат тобымыздан кетсе де, біздің арамыздағы достығымыз үзілген жоқ. Отбасымызбен жақсы араласып тұрамыз. Ал енді бүгінгі таңда, «МузАРТтан» тағы біреу кетеді екен» деген әңгіменің барлығы да бос, жел сөз. Мұндай өтірік әңгімелерге көп ере бермеңіздер.
-Мейрамбек аға, бүгінгі таңда жеке шығармашылықтарыңызда қандай жаңалықтар болып жатыр?
-Аллаһқа шүкір, жоғарыда айтып өткенімдей, біз 8 жылдай болды, «МузАРТпен» бірге жүрміз, әлі күнге дейін біргеміз. Дегенмен, «МузАРТқа» көп көңіл бөліп, жеке әндерімізді жазбай кеткенбіз. Өзім көптен бері жеке әндер,термелер жазсам ба деп ойлап жүрген жоспарым бар еді. Бүгінде өздеріңіз білетіндей, көкейдегі жүрген әндердің барлығын бірсыпыра жазып, екі альбом шығардым. Біріншісі - термелерден, діни әндерден жинақталса, екіншісі - өзімізге таныс эстрадалық бағыттағы әндер топтамасы болды. Бұл әндерді өңдеуде - Арман Бексұлтанның сіңірген еңбегі зор болғанын айта кету керек. Сондай-ақ, бұл әндерді жазған ақын-композиторларға да үлкен рахмет. Жалпы менімен бірге жұмыс істеген, альбомның жарық көруіне еңбегі сіңген адамдардың бәріне алғысым шексіз. Ал бағасын беретін халық. Енді «МузАРТ» жайлы айтар болсақ, біраз жаңа әндер жазып жатырмыз, бір бейнебаян түсірсек деген ойымыз бар. Жақында 23 қыркүйекте біздің- тыңдармандармен кездесу болды. Нақ өзіміздің әндерімізді тыңдайтын, ылғи сын көзбен қарап жүрген тыңдарманға, кішігірім концерт ұйымдастырдық.Сондай-ақ, «Каспий» тобы құрылмай тұрып, Ұлықпанмен дос болып келе жатқанымызға да біраз жылдай уақыт болған екен. Осы достығымыздың белгісі ретінде бүгінгі «Каспий» тобымен бірігіп, Оңтүстік өңірлеріне гастрольдық сапармен барып қайттық. Аллаһқа шүкір, халық өте жақсы қабылдады. Бұл жердегі мақсатымыз ақша табу емес. Оның үстіне, «Каспий» тобының өзі де дара шауып тұрған топ. Басты мақсатымыз - бірігіп ән айтып, қазақ әндерін дәріптеу. Аллаһ бұйыртса, алдағы уақытта «Каспий» мен «МузАРТ» тобы бірігіп, Алматы қаласында жеке концерт өткізуді жоспарлап отырмыз.
- Халық арасында «Мейрамбектің жақында шығарған жаңа екі альбомын қасындағы өзіне сенімді адамдар 50 мың теңгеге сатып жіберіпті»- деген әңгіме бар. Осыған не айтасыз?
- Мұны енді бір Аллаһ қана біледі. Бұл альбомдарды жарыққа шығаруға менімен бірдей атсалысқан шығармашылық топтың мүшелері барлығы дерлік өте сенімді кісілер. Бірақ, бір білетінім - әу баста, әнжинағым алғаш жарыққа шыққан кезде, сол бір дисктен таралып, бірінен -бірі көшіріп алынған болса керек. Мысалы, менің осы ән жинағымды шығару үшін «ACD records»-тың шығармашылық тобы әрбір дискке қаншама қаражат жұмсап, оны жасайтын зауытқа барып, үлкен жауапкершілікпен қадағалап, заңды түрде шығарып келе жатқанда, мұндай қыруар еңбекті әлгіндей алаяқтардың оңай жолмен пайдаланып кететіні өкінішті-ақ…. Ал, ең өкініштісі, бұған заң тарапынан тісіміз бата алмай отыр. Мұнымен тек біз ғана емес, бүкіл әлем күресе алмай жатыр. Бұл енді тек менің басымдағы ғана мәселе емес, сондай-ақ, еліміздегі бүкіл әншілердің басындағы жағдай.
-Дегенмен, сіздің дискіңіз қалай тарап кетті деп ойлайсыз?
-Шынымды айтсам, білмеймін. Оны енді сондай жолмен ақша тауып жүрген адамдар біледі.
- Адам баласының бойындағы қандай қасиеттерді жоғары бағалайсыз?
-Жалпы, мен өзім намазға жығылғалы бері, осы имандылықтың хақ жолында жүрген көптеген адамдармен араласып келе жатырмын. Осыдан кейін, көзім біраз ашылды десем болады. Бұрындары мен адамдардың іс-әрекеті, түрлі ұстанымдар туралы шынында да көп нәрсені білмейді екенмін. Ал, қазір намаз оқып жүрген, иманды адам болса онда оны жоғары бағалаймын. Сол адамды иманы түзу, дұрыс жолдағы адам деп есептеймін. Ал қалған дүние- мәселен, атақ, абырой дегеннің барлығы бос әңгіме.
-Жақында «сізді «Қыпшақтар қауымдастығы» өткізген құрылтайға барып, аталмыш қауымдастықтың қорына 30 мың доллар ақша қосып қайтыпты» деп естідік. Бұған не дейсіз?
-Жеке өз басым бөлінуге қарсымын. Тіпті кейбіреулер ел-елге, руға бөлініп, кітаптар шығарып жатады. Әрине, әр адам өзінің ата-тегін білуі керек. Дегенмен, мен мұндайға қарсымын. Ал ақша жайлы айтсақ, бұл нағыз өтірік. Егер менің мұндай ақшам болса, бір рудың абыройы тасысын деп ақша тастағанша, лажы болса бір қазақтың жыртығын жамауға тырысамын. Менің естуімше, бұл құрылтай алдағы уақытта болатын дүние. Мені шақырғаны рас, бірақ бармайтын шығармын. Қазақтар жиналып жатыр десе барамын, ал тек қана қыпшақтар жиналып жатыр десе бармаймын (күліп).
- Бүгінде ел ішінде қай кісіден сұрасаңыз да, сүйікті тобы ретінде ең бірінші «МузАРТТЫ», ал «ең сүйікті әншіңіз кім?» десе, алдымен «Мейрамбек Бесбаев» деп жауап берері даусыз. Ал енді осы халықтың ыстық ілтипатына осыншалық бөленіп отырған Мейрамбектің, яғни, ең жоғары сұраныстағы әншінің - өнерден тыс өмірдегі тұрмыстық ахуалы қандай?
- Біздің халықта «Сананы тұрмыс билейді» деген дана сөз бар ғой. Сол айтпақшы, адам баласы жұмыс істеп еңбектенгеннен кейін, сол еңбектің жемісін көргені де абзал. Жағдайың жақсы болса әнің де, сәнің де жақсы болады, көңіл-күйің көтеріңкі жүресің. Ал енді осы ретте менің айтарым, Аллаһқа шүкір, далада жатқан жоқпын. Баспанам бар, алып қойған үлкен жер үйім де бар. Әрине, мұны айтпай-ақ қойсам да болар еді. Аш емеспін. Ешкімнің алдына барып ештеңе сұраған емеспін. Өзіме, отбасыма жетерлік жағдайым бар. Бұл жайында айтқым да келмеп еді. Сіз сұраған соң лаж жоқ, сұрағыңызға жауап беріп отырмын қарындасым. Әйтпесе, мұсылман адамға мақтанғандай болып мұндай әңгімені айту тым артық. Себебі, біз өсіп-өніп отырған мынау дархан елде тұрмыс жағдайы өте төмен қаншама жанұялар, отбасылар бар. Соларды көріп отырып, олардың жанында бізге өз жағдайымызды «жақсы, не төмен» деп айтудың өзі жараспайды. Күпірлік қылмай, Аллаһтың осы бергеніне де шүкірлік жасау керек деп ойлаймын.
- Отбасыңыз жайлы да кеңірек әңгімелеп өтсеңіз? Жұбайыңыз Мархабат қандай мамандық иесі?
- Аллаһқа шүкір, отбасым бар. Сүйікті жарым, Кәусар атты тәп-тәтті қызым, екі қарындасым, ата-анам бар. Ата анам да осы Алматыда, бірақ олар жер үйде тұрады. Мен отбасыммен бөлек тұрамыз. Ел қатарлы, айналамыздағы барлық адамдар сияқты қарапайым өмір сүріп жатырмыз. Ал жұбайым Мархабаттың мамандығына келер болсақ- ол біздің отбасымыздағы ас үйдің маманы, үйдегі асхананың иесі (күліп)! Отбасы - әрбір адам баласы үшін өте киелі, қастерлі дүние ғой. Мен үшін де солай. Сол себепті де, өз отбасым жайында көп айтып, елге жариялай бергенді онша ұнатпаймын.
-Қызыңыздың тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлесіз?
- Қызым әлі кішкентай әрине, бірақ кейін ол бой жетіп, ес жиған соң, діни сауат ашса деп ойлаймын.
-Әке болу бақыты қандай ?
- Ол жауапкершілігі мол үлкен сезім. Мен нағыз әкелік бақытты енді ғана сезініп келе жатырмын. Мен қызым туылған кезде, «міне, мен әке бола қалдым» деген үлкен сезім болған жоқ. Өйткені, оны өсіру керек, тәрбиелеу керек. Егер де инабатты, иманды, жақсы қыз қылып өсірсем, сол кезде өзімді жақсы әкемін деп айта аламын. Ал қазір өзімнің қандай әке екенімді кесіп айта алмаймын.
-Біздің телефон арқылы ғана хабарласып, кездесе алмай жүргенімізге біраз уақыт болды. Соған қарағанда күн тәртібіңіз өте тығыз сияқты… Әлде бұл «жұлдыз» ауруы емес пе?…
-Негізінде, қазіргі уақыт біздің нақ қызу жұмысқа кіріскен шағымыз. Алдағы қаншама концерттерге дайындық үстіндеміз. Сондай-ақ, күнделікті біршама адамдармен кездесіп, іс бітіруге тырысамын. Осыған байланысты кездесе алмай жүрдік. Бірақ, әйтеуір сәті түскен, дәм-тұзы бұйырған күні кездесіп отырмыз.
-Қоғамда болып жатқан түрлі келеңсіз жағдайларға байланысты, қазақ азаматы ретінде сізді толғандыратын қандай мәселе?
- Қазіргі уақыттағы әлемдік дағдарыс барлығымызды да толғандырып тұр. Қарапайып халыққа өте қиын соғып жатыр.Осы мәселе ертерек шешілсе дейміз. Оған әрине, ел басындағы ағаларымыз, көкелеріміз жұмыс істеп жатыр. Барлығын бірдей қаралай беруге болмайды. Соның ішінде ел үшін, жер үшін жаны шырылдап, жұмыс істеп жүрген азаматтар бар. Жалпы қазақ халқы қандай да бір қиын-қыстау кезең болмасын, соның барлығына төзе білген халық. Сондықтан, Аллаһ Тағалам халықты сабырлылықтан айырмасын деп тілеймін! Еліміздің басынан қандай да бір замандар өтті. Алаһқа шүкір, патшамыз бәрінен алып шығып жатыр. Бұл ауыртпашылық өтпелі, уақытша дүние деп ойлаймын. Сондықтан, бұған еш қайғырудың қажеті жоқ. Ең бастысы - еліміз, жеріміз тыныш болсын! Сондай-ақ, қазіргі таңда тіл мәселесі ақсап тұр. Бұл жағдай әрбір қазақты аса ойландыратын маңызды дүние деп ойлаймын. Өнерде де өз шешімін дұрыс таппаған мәселелер өте көп. Шоу-бизнестің қойылған жүйесі қалай болса солай. Әйтеуір кімнің аты мықты, сол көкпарды тартып кетіп жатыр. Бірақ, қашанғы қарғалар қарқылдай берсін? Бұлбұлдың да сайрайтын, шығатын кезі болады. Сондықтан, ол үшін көңіл түсіріп қажеті жоқ, бәріне де сабырмен қарау керек.
-Дағдарыс өзіңізге қалай әсер етіп жатыр?
-Шынын айтқанда, дағдарыстың болғанына Аллаһқа шүкір! Өзіме, өнер азаматтарына дағдарыс болғаны бір жағынан жақсы болды. Көпшілік әншілердің қолдары бос. Бұрынғыдай асығып-үсігіп әнді, альбомды шығара салып, тасұр-тұсыр басқа жұмыстарға асығу жоқ. Қазір асықпай әннің мазмұнына, сапасына ден қойып, таза шығармашылықпен айналысатын уақыт болып жатыр деп ойлаймын. Өзіме келсем, Құдайға шүкір жұмысымды істеп жатырмын. Бірақ, бәрібір Аллаһ Тағала несібесін беретін болса, дағдарысқа ешқандай қарамайды.
-Қазіргі таңда біздегі шоу-бизнесті шетелмен салыстырудың қажеті жоқ, әрине. Бірақ, көбінесе шетелдік әншілер болсын, әртістер болсын көлікті өздері жүргізбейді, өздерінің жеке кәсіби жүргізушілері болады. Ал сіз көлігіңізді өзіңіз жүргізесіз бе, әлде арнайы жүргізушіңіз бар ма?
-Көлігімді көбінесе Мұрат деген інім жүргізеді. Кейде өзім жүргізетін жағдайлар болады. Студенттік кезімізде жаңадан машина алған кезімде, күні-түні өзім айдап, қызық көріп жүретінбіз. Бірақ, қазір рөлге отыруға аса қатты қызықпаймын. Бүгінде Алматының кептелісінің өзіне көлікті жүргізу үшін жүйкесі мықты адам қажет (күліп).
-Бүгінгі таңда түрлі діни ұйымдарға мүше болып жатқан қаракөз бауырларымызға не айтасыз?
-Елімізде бұл мәселе жайында бас мүфтиіміз Әбсаттар қажы Дербісәліден бастап- осындай түрлі діни ағымдар жайлы айтылып жатыр. Аллаһ Тағала сақтасын, біз шама-шарқымыз келгенше Ислам дінін дәріптеп жүрміз деп ойлаймын. Барша адамзат баласы Аллаһтың разылығы үшін ғибадат ететін ең таза, ең шын, хақ дін осы - Ислам діні. Сондықтан да, осынау қасиетті Ислам дініне ешкімнің де шүбә келтірмегенін қалар едім.
-Өнер сахнасына өзіңізден кейін аяқ басқан жас іні-қарындастарыңызға көңіліңіз тола ма?
-Теледидардан, радиодан тыңдасаңыз, жастардың ән айту жағы, имиджі өте жоғары деңгейде. Аллаһқа шүкір, талантты жастарымыз өте көп. Оларға тек ақ жол тілеймін! Өкінішке орай, өнерде жұлдызы жанып келе жатқан жас дарындардың ішінде ғұмырлары қысқа болып, Аллаһ Тағаладан бұйрық келіп ортамыздан кетіп жатқан әншілеріміз де бар. Соның бәрін көріп, жастарымыз тәубесіне келеді. Өмір бір-ақ рет берілетін болғандықтан, өнерге қатты беріліп қажеті жоқ. Ең әуелі Аллаһты ойлау керек, қалғанының барлығы өз ретімен келе береді.
-Соңғы оқыған кітабыңыз?
-Көбінесе діни кітаптар оқып жүрмін. Соның ішінде с.ғ.с.Мұхаммед Пайғамбардың хадистерін оқудамын.
-Газет-журналдарды қаншалықты жиі оқисыз?
-Шынымды айтайын, газет-журналдарды арнайы сатып алып оқимын деп айта алмаймын. Ұшақта, пойызда, қолыма түскен кезде оқимын.
-«Жұлдызбен сырласу» журналына игі тілегіңіз?
- Негізінде, «жұлдыз» деген атқа мен лайықпын ба, лайық емеспін па, оны бір Аллаһ Тағала ғана біледі. Дегенмен, істеріңізге Аллаһ береке берсін! Ең бастысы өтірік жазбай, хақ нәрсені ғана жазыңыздар!
-Әдемі сырласу сұхбатыңызға көп рахмет! Сіздің отбасыңызға бақыт, шығармашылығыңызға зор табыстар тілейміз!
Просмотров: 1838 | Добавил: Ersa | Теги: лажы болса бір қазақтың жыртығын жа, Бір рудың абыройы тасысын деп ақша | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 1
1  
MEIRAMBEK AGA SIZIN MAGAN OLENDERINIZBEN MINEZ KULIKNARINIZ ONE UNAIDI

Имя *:
Email *:
Код *:
Поиск
Календарь
«  Январь 2010  »
ПнВтСрЧтПтСбВс
    123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031
Архив записей
Друзья сайта
  • Официальный блог
  • Сообщество uCoz
  • FAQ по системе
  • Инструкции для uCoz

  • | Copyright MyCorp © 2017 | Бесплатный хостинг uCoz |